Дүние жүзін шарлаған байкер Дмитрий Петрухинның Индонезияда бастан кешіргендері

Алға батыл баса бер, Туннгус Диваныч

Сурабая –Индонезияның бас теңіз порты және айтарлықтай ірі қала. Неге екенін белгісіз, бұл қала Петрухинге Каракас қаласын еске салды. Аса ығалды, дым ауа жоқ, қапырық, оның үстіне мына үздіксіз жаңбыр …

— Сірә, теңіз бен мұхит жағасында жайғасқан қалалардың бәріне ортақ ұқсастықтар бар-ау, – деп ойлады саяхатшы — Туристер аз, Ява аралынан келген кеме Бункум және Бинтан аралдарына тек байларды ғана апара жатқан болса керек. Сурабайға да жетіп баруға болады, бірақ у-шулы қалада жүргенше, табиғатпен қауышып, қала сыртын кезген әлдеқайда қызық болар.

Сөйтіп, Дмитрий ұлттық саябаққа жақын орналасқан бір ауылға бет алды. Осының алдында, аралдардың бірінде жер сілкініп,  сол апат болған жерден көшіп келген бір отбасымен танысып еді. Үйі қирап қалғандықтан, бұл адамдар енді ағаш сарайда тұрып, сәкіде ұйықтап жүрді. Бірақ олардың бет-әлпетінен қалың қайғының ізі сезілмейді.  Ең бастысы – аманбыз, – деп қойып, ойнап-күліп жүр.

– Міне, өмір пәлсапасын осылардан үйрену керек. Ал мен болсам, қайдағы бір жаңбыр үшін күйіп-пісіп жүрмін.  Ажалмен бетпе-бет келсе де, күйзеліп жүрген бұлар жоқ.  Ұялсаңшы, Дмитрий Иваныч. Батылырақ алға бас, Тунгус Диваныч…

Бұл отбасыны суретке түсіруді асқан әдеппен өтініп, оларға Қазақстан туралы журнал мен ұлттық бас киімді сыйға тартты. Және 100 долларды тарту етіп, бұл – 200000 рупийден артық соманы құрайтынын түсіндірді. Олар, өз кезегінде, пілді тамашалауға шақырды.

Ол пілге ұнамай қалды

Үш шақырым жүрген соң, бұлардың алдарынан піл шыға келді. Топты бастап келе жатқан Гунайдың пілдің құлағынан аспай-саспай ұстап жатқанын көріп, Тунгус:

– Сірә, бұлардың құлағынан ұстаса, бірден жуаситын болып тұр ғой, -деп түйді. Сөйтіп, қолына камера мен фотоаппаратын ала салып, пілге жақындады.

Қолын созып еді, бірақ піл бұған қарамай, теріс айналды.  Дмитрий пілдің назарына іліну үшін, оны айналып, қайта алдына шықты. Қолын созып, пілге қарай жақындағанында, бұнысы пілге ұнамай қалды.  Алып жануар өзіне бір сүйкімді ас ұсынады деп күтіп еді, ал мына екіаяқты бос қолын алға созғаны несі … Сондықтан, піл ашуланып кетті…

Гунайды тұмсығымен итеріп тастап, бір шыңғырып жіберіп, Тунгусқа қарай асыға беттеді. Байкер щегіншектеді, ал піл жылдамдығын үдетті. Бұны көрген Петрухин де артқа қарай шегіншектеуін тездетті. Тіптен болмағасын, жерге фотоаппарат, камерасын лақтырып тастаған Дмитрий Иванович суға арналған  бетон резервуарға қойып кетті. Құлап-сүрініп, ішіне түскен соң ғана, аяғымды сындырып алған жоқпын ба?!, – деп шошып кетті.

Ашулы піл тоқтай қалды. Гунай оған шөп ұсынған соң, бұл дәмді шайнап барып, сабырға келгендей болды. Соның өзінде, қонақты жаратпағанын бір ыңғайсыздап қимылмен құйрығын безеп, тағы бір білдіріп қойды. Дмитрийдің де үрейі басылып, дөңгеленіп кеткен көздері біртіндеп қалпына келді. Сол кезде бәрі қарқылдап қоя берді.  Бұлармен бірге Тунгус та күліп жатты. Ең әуелі, өзіне күлді. Сонда ол жүз бакс төлеп, өзіне пәле сатып алғандай болғаны ғой. Қайта Құдай сақтады, әйтпесе, жағдайы қиын болуы әбден мүмкін еді. Аяғын ауыртып алғаны – әлемтану үшін төленген жарна, берілген садақа десе де болады..

Енді ол піл үйірін жолықтырды

Енді аппаратураны іздеуге кірісті. Фотоаппараттың батарейкасы шөп арасына ұшып, жоғалыпты. Бірбеткей Тунгустың бұндай мәселеге келгенде, қайтпас мінез, қалыптасқан әдеттері бар. Егер қаланың өзге бір бөлігінде бір қорап темекісі қалып қойса, кептеліске қарамастан, артынан барады. Мотоциклде бір сызат пайда болса, міндетті түрде, бояу керек. Егер батарейканы жоғалтса, оны қалайда табу керек. Өзіне қарай төніп келе жатқан пілді түсіріп үлгерді, бірақ алда тағы бір қызықтар күтіп тұрған болуы мүмкін ғой. Қасындағы серіктері, мынандай жайтты бастан кешірген соң, тауы қайтып қалған шығар, экскурсия осымен біткен шығар, – деп ойлады. Бірақ олар бұны білмейді ғой. Енді Дмитрий тұп-тура піл үйіріне қарай бет алды.

– Олар неге пілдің құлағынан ұстай алады, ал мен неге ұстай алмайды екенмін? Бұл менің намысыма тиіп тұр, – деп қызбаланды Петрухин. – Мен бұны істемей қоймаймын.

Бұлар жолда піл үйірінің қожайының күркесіне бас сұқты. Ол туристі көре сала, еденде жатқан кленканы көтергенде, астынан мызғып ұйықтап жатқан анаконда көрінді.

– Міне, бұларға қонаққа кірсең, осы, – деп түйіндеді Тунгус, – қандай да бір сұмырай алдыңнан шыға келеді. Сонда бұның үстін,  шаң болып қалады деп, жауып отыр ма екен?

Қожайын алып жыланды иығына жайғастырып, енді осыны жасауды Дмитрийге ұсынды. Жылан өте ірі, ақ түсті екен. Ол жыланды иығына ілгенде, қасындағылары қызып кетіп, жыланның басынан сүй деп белгі бере бастады. Әйтеуір, шартты түрде алғанда мойыны деп атауға болатын жерден сүюге батылы жетті-ау. Тек осынысымен жыланды сабырынан айырып, ирелеңдеген неме Тунгустың қолы мен кеудесіне орала бастағанда, ол айқайға басты:

– Жарайды, жігіттер! Мынаны алып тастаңдар. Мені алда Австралия күтіп тұр!

Жылдамдықты сүймейтін байкер болмас

Піл үйіріне жүз метрдей қалғанда, осы жолы Тунгус ертерек қамданып папоротниктің бір шоқ бұтағын үзіп алды. Бұл жерде ешқандай бетон мұнара жоқ, сондықтан бірдеңе бола қалса, бас сауғалайтын жер таба алмайсың. Гунай пілге жақындап келіп, үстіне мініп алды.

–  Ауылдың дәл қасында жайылып жүргеніне қарағанда, бұлар ондай жабайы емес-ау, – деп үміттенді Дмитрий. – Эх, бір пілдің үстіне мініп, басқа пілдермен бірге түскен фотом болса ғой! Хикая қолтырауынбен болғанға ұқсап, дамып келе жатты — Онда қасыңда он жыртқыш жүзіп жүрді, ал мында – жаныңда азулары құлаштай төрт дәудің ортасында қалдым. Қорқыныштылығы жанынан бұлар бірінен бірі өтеді! Ал біз үшеу ғанамыз. Жақсы, біз не көрмедік!

Осылай деп ойлаған ол бас пілге жақындап келіп, оны папоротникпен жемдеді. Бір белгілері арқылы жігіттер пілді отыруға мәжбүр етіп, Дима жануардың үстіне қарғып, мініп алды. Піл – шалшықта аунаған шошқа сықылды лас екен. Сондықтан Тунгус қасындағыларға:

– Тезірек фотоға түсіріп, мені мынандан түсіріп алыңдар!, -деп айқайлады.

Осыдан соң жігітер пілдің бүгілген тізесінде отыруға, сорайған азу тісінен ұстауға болатынын көрсетті. Және зулағанды жаны сүймейтін байкер болмайды ғой. Дмитрий батылданып, пілдің тізесіне отырды.  Артынан фотоға қарағанда, мәз болып отырған ақымақ кейпін көрді.

Әрқайсысы папоротник бұтағын өзіне қарай тартқан пілдер тартысына қатысты. Жануардың құйрығынан бір тал қыл жұлып алды. Сәттілік үшін. Аяғы қақсап ауырып тұрғанын сонда ғана байқады. Жарайды, ештеңе етпейді, ең бастысы – пілдердің табанының астында қалған жоқ. Әйтпесе, оның төрткіл дүниені шарлаған сапары осымен тәмам болатын еді.

Оның хикаясында әлі талай жол, қала, ұлттық саябақтар бар. Қазақстандық Дмитрий Иванович Петрухин әлемді көрді және біздің елді әлемге көрсетті деп батыл мәлімдеуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз

Menu