Ерікті еңбек, атаның өсиеті және қаһармандық: «Тамыр» – волонтёрлері өз хикаяларымен бөліседі

Бос кезінде тегін қызмет қылып жүргендердің арасында – крепостной құрылыс 1861 жылы күшін жойса да, бізге бұны айтуға ұмытып кеткен ғой, – деген кең тараған сүйікті әзілдері бар.

Шынында да, ересек адамды жұмыстан бос кезінде тегін қызмет етуге тартатын қандай қозғаушы күш екен?

Біз бұл сұрақтың жауабын «Тамыр» табиғат аясында болу мектебінің волонтерлерімен сұхбат барысында анықтауға тырыстық.

Марина, 26 жаста, сақтандыру ісінің қаржы сарапшысы.

«Тамыр» парақшасынан волонтерлерді шақырған хабарландыруды көргенімде, көп болса, 5-ақ секунд ойланған шығармын. Содан соң, оның сілтемесін түртіп, өтінішті толтырдым. Сөйтіп, бәрі шыр көбелек айналып, басталып кетті.

Бірақ, кез келген хикая секілді, бәрі бұдан біраз бұрын басталды. Менің атам альпинист болып еді. Кішкентайымда ол мені өзімен бірге жорықтарға алып жүрді. Бұл жорықтар барысында бойымда табиғатқа дұрыс ұстаным қалыптастыруға баулыды.

Ол жадымда жатталып қалған: «Таулар, өзіне құрмет қылғанды ұнатады. Жан-тәнімен іңкәр болғандарды ғана сүйеді», –  деген фразаны жиі қайталайтын еді

Сондықтан да, танымал машруттардың жағымсыз жай-күйіне куә болып қалғанымда, жаным ауырып жүрді.  Иә, адамдардың бойынан – табиғатқа, тауға деген махаббат түгілі, қарапайым құрметтің өзі байқалмайтын сәттерді жиі ұшыратып қаласың.

Сірә, бұл жайт, осының бәрін сырттан бақылап қойып жүре бермей, тау мәдениетінің қалыптасуына өз үлесіді қосуға итермелеген шығар. Қалай болғанда да, талпынып көргеннің артығы жоқ қой.

Өтінішті толтырған кезде, волонтерлік іс-тірліктің қай бағыты қызықтыратынын көрсетуім керек болды. Мен өзім үшін жанды тақырып – қоқыс жинауды атап көрсеттім. Сондай-ақ, жаныма жақын тірлік – сүрлеу-соқпақтармен жұмыс жасауды да көрсеттім. Бірақ, шындығында, қазір «Тамыр» бағыттаған іс-тірліктің бәрімен айналысып жүрмін.

Өз басым табиғатымнан ондай ашық, жұрттың бәрімен тез араласып кететін адамдардың санатынан емеспін. Бірақ лагерьге келгенімде, ондағы бір де бір адамды бұрын-соңды көріп-танымағаныма қарамастан, бәрімен етене жақын араласып кеттім. Себебі, бұлардың бәрі – үлкен әріппен жазуға лайық Тұлғалар еді!  Олардың бәрі бір-біріне мүлде ұқсамайды, сөйте тұра, әрқайсысы өзіме сондай жақын  жандар болып кетті.

Әдетте достарды балалық шақта, ең болмаса университет қабырғасында табу керек деп жатады. Алайда, осы соңғы бірнеше айдың ішінде, мында өзіме шын достар таптым. Руханият, құндылық, мүддесі ортақ достарымды таптым. Бұлармен бастаған әңгімені бірнеше сағаттық жорықтың өзінде айтып тауыса алмай жатасың – осының өзі Құдайдың берген бір сыйы емес пе?

Оқу барысында (біз табиғат аясында болудың қарапайым ережелері бойынша курстан өтіп, сертификат алу үшін емтихан тапсырып жаттық), осы дәріске қатысу және Тамырда волонтер болу үшін, мен тіпті негізгі жұмысымнан демалыс алдым.  Бұл ісімді жұрттың бәрі түсіне алмас, бірақ осыны жан дүнием қалап тұрды.

Ақиқатын айтсам, күндердің күні, жұмысымнан түбегейлі кетіп, осы жобамен алаңсыз айналыссам деймін.

Волонтёрлік маған зор қанағат сезімін сыйлайды. Мен енді ғана өзім үшін аса маңызды, жаныма жақын іс – табиғатты қорғаумен, тауымызға көмектесумен айналысып, өзім де өсіп, көтеріліп келемін.  Және осының арқасында  – жаңа таныстар, жаңа әсерлер, тауда болу шаттығын, бір үлкен де игі істің бөлшегі болудың ғанибетін сезудемін.

Иә, бұл істің өз қиындық, түйткілдері де бар. Құлаққа біртүрлі естілетін шығар, бірақ мен табиғатты қызғанамын. Осы жаққа келіп, керегін алып, бұндағы іс-қимылының салдарына басын ауыртпайтындардан қызғанамын. Сірә, мен үшін, кәдімгідей қиын мәселе – кей адамдарға қатысты қатты ызаланбау, тауды қорғаймын деп артық қимылға барып қоймау-ау. Сондықтан, бойымдағы бар күшім мен сабырымды жинап, ондай жандарға талмастан қарапайым нәрелерді түсіндіре беруім керек …

Мен сықылдыларды келешекке үмітпен қараудан ештеңе тыя алмайтын шығар. Өз басым біз сықылды бір шөкім топ (Тамырлықтарды айтамын) пен тау, табиғатқа тұтынушылық көзқараспен емес, құрметпен қарайтын адамдардың қарасы көп емес қатарының өзі ахуалды оңалта алады, адамдардың санасын дұрыс бағытқа өзгерте алады деп ойлаймын. Сонда бәрі, атам айтқандай, тауға шын жүрегімен, құрметпен қарайтын болады.

Алишер, 32 жаста, кәсіпкер

Таулар мені бұрыннан бері тартып тұрады. Сірә, бұл Алматыда дүниеге келгенімнен шығар. Павлодарда қанша жыл тұрсам да, тауға деген осы іңкәрлігімді жоғалмады.

Шарын шатқалында болу – бұрыннан бергі арманым еді. Содан осыдан үш жыл бұрын Алматыға көшіп келгендегі қолға алып, жүзеге асырған ең бірінші тірлігім осы болды – сәрсенбі күні қалаға келдім, жұма күні Шарында жүрдім.

Осыдан соң, бірнеше мәрте Медеуге бардым. Бірақ жорықтарға жүйелі түрде шыға қоймадым. Себебі бір жағынан, бірге жүретін серіктер табыла қоймады, ал жалғыз өзім барудан тартындым. Тауда қауіп көп екенін біле тұра, оған жалғыз баруды жөн көрмедім.

Бірақ бір нәрсені жан-тәніңмен қалаған кезде, бәрі біртіндеп өздігінен шешіле бастайды екен. Жұртпен қарым-қатынасты жеңіл орнататын жан ретінде, ақпарат, мәлімет жинау маған аса қиынға түскен жоқ. Сөйтіп, көп ұзамай таңмен Горельникке барып жүрген бір үлкен топтың арасынан бір шықтым.

Осы азаматтармен бірге, таудың біраз жерінде болып жүрдім. Тауды сағынып қалғаным сонша, жеке челленджімді жүзеге асырып  –Горельникке 60 күн бойы, әр таң сайын көтерілдім.  Бірақ, уақыт өте келе, бұдан гөрі үлкенірек, биігірек, өзгерек нәрсені қалайтынымды түсіндім. Ал бұл үшін ілім-білім қажет, осының бәрін көрсететін, түсіндіретін, бәрінің басын қосатын кісі керек болды.

Шамамен осы кезде, Инстаграмдағы Тамырдың парақшасына тап болдым. Онда осындай мектеп бар екенін оқыдым. Менің іздеп жүргенім де осы еді ғой.  Ұстаз болса, шәкірт сақадай сай, дайын тұрды. Волонтёрлер туралы бір пост мені Тамырлықтардың қатарына апарып қосты.

Өзім, волонтёрлік пен қайырымдылық – әр адамның бойында бар керемет қабылет деп ойлаймын. Ол үшін колготкидің сыртынан труси киіп алып, көмекке шабудың қажеті жоқ. Бар жоғы, іштен осы тумблерді тауып, өзіңді толғандыратын нәрсеге қосылу, іс қылу ғана.

Тамыр мектебінен алып жатқан жаңа білім, дағдылар мен үшін – өте құнды да, тартымды. Бойымдағы нәрсенің бәрін мұқият тексеремін, жетпейтін жабдықтарды сатып аламын, сынақтан өткіземін. Сөйтіп жатып, тәлімгерлеріміздің әр сөзінің ақиқаттығына көз жеткіземін. Мен өсіп келемін. Бұл бір ойындағы кейіпкердің үрілгеніне ұқсап кетеді, иә.

Және бұл қызметіме ештеңе төлемейтіндіктен оны, маңызы кемшін, уақ тірлік деп санаған емеспін. Керісінше, өзімді бағы жанған, таңдаулы жан деп санаймын. Өйткені, волонтер болуға өтініш білдірген алты жүз адамның ішінен қабылданған жиырма адамның бірімін ғой. Мен қазір тауда жүрген турисчтердің бәрі бірдей біле бермейтін нәрсені меңгерудемін. Соның арқасында, тауды өзгеше қабылдай бастадым.

Әр шын волонтёрдің бойында: мейірім, адамдармен тіл табыса білу, әзіл-қалжыңға қабылетті болу атты үш қасиет болуы тиіс деп санаймын. Әйтпесе, бұл ұлы іспен айналысу қиынға соғады.

Сондай-ақ оқыңыз

Menu